Су саясаты жөніндегі ұлттық диалог (ССҰД) Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия мемлекеттері үшін Еуропалық Одақтың (ЕО) Су бастамасын іске асырудың негізгі құралы болып табылатын су саясатын дамытудың ұлттық ведомствоаралық алаңы болып табылады.

Су саясаты жөніндегі  ұлттық диалогтың кезекті кездесуі Астанада қаласында 2017 жылғы 7 желтоқсанда өтті, оның басты мақсаты трансшекаралық өзендерде Қазақстанның көршілес елдермен ынтымақтастығын нығайту мүмкіндіктерін талқылау болды.

Қазақстандағы ССҰД 2012 жылдан бері ЕО стратегиялық серіктестері, Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қатысуымен жүзеге асырылуда. Қазақстандағы сұхбат су ресурстарын кешенді басқару саласында да, сумен жабдықтау және санитария саласында да жүргізіледі.

Кеңеске Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар, трансшекаралық су туралы конвенцияның хатшылығының басшысы Франческа Бернардини, Швейцария мен Словакия елшілері, Орталық Азия, Ресей, Қытай, Нидерланды және Словакия елдерінің сарапшылары, халықаралық ұйымдар мен донорлар, Еуропалық Одақ, ЭЫДҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰДБ және ДДҰ өкілдері қатысты.

Кеңеске Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Ресейден және Қытайдан келген ұлттық сарапшылар қатысты.

Сарапшылар трансшекаралық су ресурстары саласындағы проблемаларды шешудегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады, трансшекаралық сулардағы ұлттық су саясатын және екі жақты қатынастарды дамыту тәжірибесімен алмасты.

Кеңес барысында Астана қаласында Халықаралық суды  бағалау орталығы (ХСБО) кеңсесінің ашылу құрметіне арнайы отырысы өтті. ХСБО кеңсесін орналастыру және ұйымдастыру бойынша Нидерланды және Словакия тәжірибесі ұсынылды, және алдағы жылдарға арналған ХСБО жұмыс жоспарлары мен перспективаларын талқыланды.

Конвенция Хатшылығының басшысы Франческа Бернардини ХСБО -ның ашылуы аймақтағы трансшекаралық суларды тұрақты басқаруды қамтамасыз етуге көмектесетінін атап өтті. Сонымен қатар, ХСБО су проблемаларын шешу бойынша әртүрлі бастамаларды дамытуға көмектеседі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілінің айтуынша, Астанада ХСБО кеңсесінің ашылуы өңірлік диалогтың тиімділігін арттыру және халықаралық ұйымдармен су мәселесі бойынша ынтымақтастықты кеңейту бойынша тағы бір қадам болады. Орталықтың Қазақстандағы қызметі аймақтық және жаһандық су проблемалары бойынша халықаралық ғылыми орталыққа айналуға және әлемдік қоғамдастыққа үлес қосуға мүмкіндік береді.

Серіктес ұйымдардың өкілдері Қазақстанды ХСБО қабылдауға бастамасымен құттықтап, онымен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

2017 жылғы 8 желтоқсанда Астанадағы ХСБО кеңсесінде Орталық Азия елдерінің сарапшылары мен трансшекаралық су туралы конвенцияның Хатшылығы өкілдерінің қатысуымен Сегізінші сессияда ұсынылатын Орталық Азиядағы су саясаты саласындағы өңірлік диалог үшін жаңа бастаманы талқылау бойынша және 2018 жылы су Конвенциясының Тараптары кеңесі және трансшекаралық сулардағы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ХСБО-ның ықтимал үлесін талқылау үшін кеңес ұйымдастырылды.

Кеңес барысында, сондай-ақ, 2019-2021 жылдарға арналған Су ресурстары туралы Конвенция Тараптары Кеңесінің сегізінші отырысында мақұлдануы тиіс ХСБО жұмыс бағдарламасының жобасы бойынша ұсыныстар қаралды және талқыланды.

Талқылау нәтижесінде аймақтағы су ресурстарын басқару бойынша халықаралық ұйымдар мен аймақтық құрылымдардың қызметін талдау, трансшекаралық су ынтымақтастығын дамытудағы кемшіліктерді анықтау және қорытындылар негізінде ХСБО жұмыс бағдарламасы бойынша ұсыныстар жасау ұсынылды. Осыған байланысты ХСБО «Орталық Азия елдерінің трансшекаралық өзендерінің су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін 2018 жылға дейін, сондай-ақ 2019-2021 жылдарға арналған Халықаралық суды бағалау орталығының жұмыс жоспарының жобасы бойынша ұсыныстар әзірлеу» тақырыбында талдамалық жұмысты бастады.