2021 жылғы 29-31 наурыз аралығында Халықаралық суды бағалау орталығы (ХСБО) ұлттық және трансшекаралық деңгейлерде су ресурстарын басқару мен санитарияны жақсарту арқылы климаттың өзгеру салдарына тұрақтылықты арттыру мәселелері бойынша жаһандық жұмыс кеңесіне қатысты. Іс-шара аралас форматта, онлайн режимінде және Женевада қатысушылардың ішінара қатысуымен өтті. 

Жұмыс кеңесі ұлттық және трансшекаралық деңгейлерде су ресурстарын басқаруға, сондай-ақ сумен жабдықтау, санитария және денсаулық сақтау жүйелеріне климаттың өзгеруінің әсері туралы 5 тақырыптық сессияға бөлінді.

Бірінші сессия қорытындысы бойынша су және санитария секторларының климаттық өзгерістерге тұрақтылығын арттыру мәселелері талқыланды. Соның ішінде төтенше ауа-райының су қорының азаюына және ауыз су көздерінің ластануына теріс әсері қарастырылды, бұл өз кезегінде халық арасында түрлі аурулардың өршуіне әкеледі.

Екінші сессия әлем елдерінің ұлттық саясатындағы сумен жабдықтау, санитария және денсаулық сақтаудың рөлін арттыруға арналды.

Үшінші сессия барысында қатысушылар апаттар қаупін төмендетудегі трансшекаралық ынтымақтастықтың рөлін талқылады. Дүлей зілзалалардың пайда болуына тиімді ден қою үшін әртүрлі тәуекел факторларын ескеретін және 2015-2030 жылдарға арналған зілзалалар тәуекелін төмендету жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасының қағидаттарына сәйкес келетін кешенді тәсіл қажет.

Төртінші сессия трансшекаралық ынтымақтастық пен денсаулық сақтау саясатына арналды. Денсаулық сақтау мәселелері мен WASH (су, санитария және гигиена) мәселелерін трансшекаралық келісімдерге қосу COVID-19 пандемиясының қазіргі жағдайына байланысты өте маңызды.

Қорытынды бесінші сессия климаттың өзгеруіне бейімделу, апаттар қаупін азайту, трансшекаралық ынтымақтастық және ұлттық деңгейде денсаулық сақтау мәселелері бойынша шешімдерді келісуге арналды.

Жаһандық жұмыс кеңесін БҰҰ Еуропалық өңірлік бюросымен, су ресурстарын жаһандық бейімдеу жөніндегі Альянспен (AGWA), Бейімдеу жөніндегі жаһандық комиссиямен (GCA), Бассейндік ұйымдардың халықаралық желісімен (INBO), апаттар қаупін азайту жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының басқармасымен (UNDRR) және Дүниежүзілік метеорологиялық ұйыммен (WMO) ынтымақтастықта ұйымдастырды.