2021 жылғы 17 маусымда Халықаралық суды бағалау орталығының директоры Серік Ахметов USAID Өңірлік кеңсесінің өкілдері, су саясаты мәселелері жөніндегі үйлестіруші Мадина Ибрашева ханыммен және су ресурстары және қоршаған орта жөніндегі USAID жобасының Су ресурстарын интеграцияланған басқару компонентінің (СРББ) үйлестірушісі Анна Иноземцева ханыммен кездесті.

Су ресурстары және қоршаған орта жөніндегі USAID өңірлік жобасы – тұрақтылықты, экономикалық өркендеуді және орнықты экожүйелерді арттыру мақсатында Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның су ресурстары саласындағы ынтымақтастығын нығайту жөніндегі USAID бесжылдық жобасы. Жоба бойынша жұмыс Амудария және Сырдария өзендерінің бассейндерінде су ресурстарын басқару және экологиялық тәуекелдерді азайту бойынша өңірлік әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Кездесудің негізгі мақсаты USAID өкілдерін ХСБО қызметімен таныстыру, сондай-ақ USAID өңірлік жобасы шеңберінде ынтымақтастықтың ықтимал салаларын анықтау болды. Ахметов мырза ХСБО мақсаттары мен нәтижелері туралы егжей-тегжейлі презентация берді. Сонымен қатар, оларға ХСБО-ның 2022-2024 жылдарға арналған жұмыс бағдарламасының негізгі бағыттары ұсынылды.

Өз кезегінде USAID Өңірлік кеңсесінің өкілдері басты бағыттар, күтілетін нәтижелер, сондай-ақ осы жоба шеңберінде жоспарланған алдағы іс-шаралар туралы ақпаратпен бөлісті. Олар сондай-ақ су ресурстары саласындағы күрделі өңірлік проблемаларды шешуде сектораралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Мысалы, жоба аясында өңірдің әр елінде ұлттық сектораралық комитеттер құрылды. Тұтастай алғанда, жобаның негізгі идеясы ұлттық мүдделерден өңірлік ынтымақтастыққа шығатын тәсілдемені айқындады.

Кездесу соңында екі тарап су ресурстары және қоршаған орта бойынша USAID өңірлік жобасы шеңберінде одан әрі ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуге және қарауға келісті.