Халықаралық суды бағалау орталығы БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен ынтымақтаса отырып, "Төтенше жағдайлар кезінде Сырдария өзенінің ластануының алдын алу және оған ден қою жөніндегі бірлескен шаралар әзірлеу"жобасын орындауға бастамашылық жасады.

Жобаның мақсаты - Қазақстан-Өзбекстан бірлескен жұмыс тобына судың авариялық ластануының алдын алу және оған ден қою жөніндегі бірлескен іс-шараларды әзірлеуге жәрдем көрсету арқылы Сырдария трансшекаралық өзенінің су ресурстарының ластануын азайту және алдын алу.

Жоба екі кезеңде орындалады. Бірінші кезеңде Сырдария өзені ағынының қалыптасу аймағына кіретін өнеркәсіптік ластанудың әлеуетті көздерін бағалау және Сырдария өзенінің ластануын болдырмау және төтенше жағдайлар кезінде оған ден қою жөніндегі жағалаудағы елдердің қолданыстағы ұлттық шараларына шолу жасалатын болады. Екінші кезеңде Сырдария өзені бассейні үшін авариялық жағдайларда бірлескен іс-қимыл жоспарының жобасын әзірлеу, жағалаудағы елдермен жаттығу практикумы барысында және далалық оқу-жаттығулар барысында бірлескен шараларды сынақтан өткізу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде 2021 жылғы 21 желтоқсанда бейнеконференция режимінде жоба сарапшыларының бірінші техникалық кеңесі өтті. Кеңесте сарапшылар жобаның жұмыс жоспарымен танысып, оның міндеттерін орындаудың жалпы тәсілдерін талқылады.

2022 жылғы 19 қаңтарда сарапшылардың екінші жұмыс кездесуі өтті, оның мақсаты жиналған ақпаратпен бөлісу, қызықтыратын сұрақтар қою және жоба бойынша одан әрі іс-қимылдарды айқындау болды.