2022 жылғы 12-13 сәуірде Швейцарияның Женева қаласында 2023 жылы Нью–Йорк қаласында "Тұрақты дамуға арналған Су" іс-қимылының халықаралық онжылдығы шеңберінде ұйымдастырылатын БҰҰ-2023 су конференциясына жалпыеуропалық өңірлік дайындық кеңесі өтті. Кеңесті БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) "БҰҰ-су ресурстары" тетігімен бірлесіп аралас форматта (онлайн және офлайн) ұйымдастырды.

Кеңес су онжылдығының мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті шолуға және жалпы еуропалық аймақтағы прогресті жеделдету үшін қажетті әрекеттерді жандандыруға бағытталған.

Кеңес жұмысына су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қоршаған орта үшін жауапты мемлекеттік органдардың, сыртқы саяси ведомстволардың, сондай-ақ БҰҰ ЕЭК өңірінен бірлескен органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми топтардың өкілдері қатысты.

Кеңес шеңберінде ауыз су және баршаға арналған санитария, судың ластануы, экожүйелер мен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі, жерасты сулары және т. б. сияқты мәселелер бойынша пікірталастар ұйымдастырылды. Қатысушылар сумен жабдықтау және санитария қызметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судың ластануы мен экожүйелерді сақтау проблемаларын шешу, сондай-ақ ұлттық және трансшекаралық деңгейлерде су ресурстарын басқаруды нығайту бойынша БҰҰ ЕЭК өңірі елдерінің жоспарлары мен тәжірибесін қарады. Талқылау нәтижелері бойынша су жөніндегі іс-қимылдардың халықаралық онжылдығының мақсаттарын одан әрі іске асыру бойынша ұсыныстар әзірленді.

Кеңес он жылдық іс–қимылдарды жүзеге асыруға ықпал ететін бастамаларды айқындауға және қосымша шабыттандыруға мүмкіндік берді, сондай-ақ мемлекеттер мен өңірдің басқа да мүдделі тараптары үшін БҰҰ-2023 су конференциясы барысында ерікті міндеттемелерді қабылдауға ынталандыру қызметін атқарады.