2022 жылғы 27-29 қыркүйек аралығында Словакия, Братислава қаласында Словакия Үкіметінің қолдауымен және Дүниежүзілік Банктің қаржылық қолдауымен Халықаралық суды бағалау орталығы (ХСБО) ұйымдастыратын Орталық Азиядағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі бойынша халықаралық семинар өтеді.

Семинардың мақсаты гидротехникалық құрылыстарды басқарудың озық тәжірибесін зерделеуге, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында білім мен тәжірибе алмасуға, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару бойынша ынтымақтастықты жетілдіруге жәрдемдесу болып табылады. Қатысушылар Словакия мысалында су ресурстарын басқарудың еуропалық тәжірибесін зерттеуге мүмкіндік алады.

Іс-шараға Орталық Азияның бес елінен, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан техникалық мамандар, мемлекеттік қызметшілер, ұлттық/өңірлік ирригациялық агенттіктердің, мамандандырылған билік органдарының және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі жөніндегі ғылыми-зерттеу/академиялық институттардың өкілдері шақырылды. Семинар жұмысына су ресурстарын басқару саласына қатысатын халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдеріның қатысуы күтілуде.

Семинар бағдарламасы практикалық және теориялық іс-шараларды, соның ішінде оқу дәрістерін, технологияларды қолдану саласындағы озық тәжірибені зерделеу үшін түрлі компаниялармен және қызмет көрсетушілермен кәсіби кездесулерді, сондай-ақ Словакиядағы су инфрақұрылымы объектілеріне баруды көздейді.

Семинар тәжірибе мен білім алмасу, бөгеттерді басқару және қауіпсіздік мәселелері бойынша консультациялар, өңірлік ынтымақтастықты дамыту алаңына айналады. Ол Орталық Азиядағы мамандандырылған ұлттық органдардың институционалдық әлеуетін арттыруға және трансшекаралық бассейндердегі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға жәрдем көрсетеді.

Бұл семинар Орталық Азиядағы техникалық құрылыстардың қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама шеңберіндегі іс-шаралар сериясының бөлігі болып табылады. Бағдарлама Орталық Азиядағы су-энергетикалық бағдарлама (CAWEP) мен Халықаралық суды бағалау орталығының (ХСБО) ынтымақтастығы шеңберінде өткізіледі.

Орталық Азияның су-энергетикалық бағдарламасы (CAWEP) — бұл елде және бүкіл Орталық Азияда су және энергетикалық қауіпсіздікті ілгерілету бойынша қолайлы жағдайларды нығайту үшін Дүниежүзілік банк, Еуропалық Одақ, Швейцария және Ұлыбритания арасындағы әріптестік.